Мені зорлап кетті. Не істеуім керек?

Осы сұраққа International Major Lawyers адвокаттар кеңсесінің адвокаты Қадыр Қошқаровпен бірге жауап бердік


21/09/2020
10:49 3954 0

Зорлау деген не? 

 

Зорлау — адамды жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеу, сол үшін ұрып-соғу.  

 

Бірінші қайда жүгінуім керек: полицияға ма, ауруханаға ма? 

 

Зорлық көрген кезде ең әуелі полицияға хабарлаңыз. Ол үшін «102» нөміріне телефон соғыңыз. Оны қылмыс орнына немесе тығылған жеріңізге шақырыңыз. Бұл зорлаған адамды тез табуға көмектеседі.

 

Содан кейін жедел жәрдем шақыруыңызға болады. Ол үшін «103» нөмірін теріңіз. Аталған екі нөмірге телефон соғу тегін.

 

Зорлықшының үстінен қалай арыз жазу керек? Адвокат жалдау қажет пе?

 

Ол үшін полицияға хабарлау немесе бару керек. Адвокатпен барғаныңыз жөн. Полицейлерді ауруханада шақырсаңыз, шағымды сол жерде жаза аласыз. Қалай жазылатынын полицейлер түсіндіреді.  

 

Шағымда көргеніңіздің бәрін жазуға тырысыңыз. Уақытылы берілген егжей-тегжейлі мәлімет қылмыскерді тез ұстауға көмектеседі. Әрине, есеңгіреп қалғаннан кейін кей деректі ұмытып кетуіңіз мүмкін. Қамықпаңыз. Оны кейін тергеушіге айта аласыз.

 

Адвокатқа келер болсақ, ол міндетті емес. Істі онсыз-ақ та жүргізуге болады. Бірақ адвокат қажет десеңіз, қала мен аудан орталықтарындағы заң компанияларына, агенттіктерге бара аласыз. Олардың қызметі ақылы. Қаражатыңыз жоқ болса, мемлекеттік адвокат жалдай аласыз. Оны сізге тергеуші тағайындайды. Оның қызметі тегін. Есіңізде болсын — мемлекеттік адвокат тағайындалғаннан кейін одан бас тарта аласыз. 

 

Кәмелетке толмағанмын. Нені білуім керек?

 

Бұл жағдайда да бірінші полиция шақыруыңыз керек. Одан кейін ата-анаңызбен немесе қамқоршыңызбен бірге әрекет етесіз — арыз бересіз, сот-медицина сараптамасын жасатасыз, сот отырысына бірге барасыз.

 

Полицейлер маған «зорланғанымды дәлелдеу» қажет деді. Бұл не өзі?

 

Полицей қозғалған әр істің байыбына баруға тиіс. Сондықтан зорланғаныңызға дәлел табуы қажет. Оған мыналар жатады: 

  • Медицина сараптамасы. Оны полицияға арыз жазғаннан кейін де, оған бармай да, өзіңіз жасата аласыз. Оны сот сараптамасы орталықтары жасайды. Олар әр облыс орталығында бар. Қызметі ақылы. Бағасы әр түрлі. Мерзіміне шектеу қойылмайды, ол 20 жылдан кейін де жарамды; 
  • Денедегі жарақат;
  • Жыртылған киім;
  • Видеобақылау жазбалары (бар болса);
  • Куәгерлердің сөзі.

 

Полиция қандай жағдайда іс қозғамайды?

 

Полиция дәләл жоқ деп істі қозғамауы мүмкін емес. Іс бір арыз бойынша да қозғалады. Дегенмен полицейлер дәлел жеткіліксіз болғанда істі жаба алады, мысалы, медицина сараптамасы ешқандай жарақат ізін таппаса немесе куәгеріңіз болмаса. 

 

Арызымды қабылдамаса ше? 

 

Онда тұратын ауданыңыздың прокуратурасына барыңыз, арызымды қабылдамады деп полицейдің үстінен шағымданыңыз. Ол да шағымыңызды елемесе, қала немесе облыс прокуратурасына, барыңыз, олардан жауап болмаса, Бас прокуратураға жүгініңіз. Ескерту: бірден қалалық/облыстық/Бас прокуратураға барудың қажеті жоқ. Олар сізді бәрібір аудан прокуратурасына жібереді. 

 

Зорлықшы туралы ештеңе білмесем, қозғалған іс нәтиже бермей ме?

 

Білмесеңіз, қамығудың қажеті жоқ. Қазіргі заман технологиялары зорлықшының кім екенін анықтай алады. Мысалы, ДНҚ. Ол зорлаған адамның денеңізде немесе киіміңізде қалған шәуетінен, сілекейінен алынады. Сондықтан медицина сараптамасын жасатар алдында жуынбағаныңыз, киіміңізді жумағаныңыз абзал.

 

Саусақ іздері сараптамасы немесе дактилоскопия зорлықшының киіміңізде қалған саусақ ізін анықтайды. 

 

Айыпталушының қылмысы дәлелденсе, жазасы қандай болмақ?

 

Ең негізгі жаза — 5 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Қосымша жаза ретінде белгілі бір лауазымда немесе қызметте жұмыс істеуге өмір бойы тыйым салынуы мүмкін. 

 

Кәмелетке толмаған адамды зорлаған және қылмысы дәлелденген айыпталушы өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

 

Зорлаған адамға қатысты шыққан үкіммен келіспеймін. Не істеуге болады?

 

Онда сол үкім шығарған соттан жоғары тұрған сотқа барып шағымдана аласыз (апелляция). Мысалы, үкімді аудан соты шығарса, онда облыстың немесе республикалық маңызы бар қалалардың сотына барасыз. Онда үкіммен неге келіспейтініңізді толық жазып шығыңыз. Адвокаттың көмегіне жүгінуді ұмытпаңыз. 

 

Зорланғанымнан бірнеше жыл өтті. Полицияға арыз жаза аламын ба?

 

Иә, жаза аласыз, бірақ дәлелдеріңіз жарамсыз болуы немесе жойылып кетуі мүмкін. Мысалы, бұл уақыт аралығында денедегі жарақат жазылып кетеді, оны сараптама арқылы көрсете алмайсыз. Сондықтан іс тез жабылуы мүмкін. 

 

Мені зорлаған адам мен оның жақындары қорқытса, не істеуім керек? 

 

Сізді телефон соғып қорқытса, оның сөзін диктофонға жазып алыңыз. Смартфондарда сізге хабарласқан адамның сөзін жазып алуға мүмкіндік беретін функция болады немесе арнайы мобайл қолданбалар да бар.  

 

Егер айыпталушы немесе оның жақындары үйіңізге келсе, оны видеоға түсіруге тырысыңыз. Куәгерлер болса, тіпті жақсы. Кейін сол дәлелдермен полицияға барыңыз, сізді қорғауды талап етіңіз. 

 

Қалай қорғайды? Қазақстан полицейлері әдетте сізді бопсалаған адаммен сөйлеседі. Олардан заң бойынша сізді қорғап жүретін адам тағайындауды немесе мекенжайын ешкім білмейтін пәтерге апаруды талап ете аласыз.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

21/09/2020 10:49
3954 0

Уведомление